2. Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган шикі мұнай мен газ конденсатын, шикі газды және оны қайта өңдеу өнімдерін (тауарлық газды) есепке алудың ақпараттық жүйесін қалыптастырудың және оның жұмыс істеуінің өзі айқындайтын тәртібіне сәйкес, ақпаратты өңдеу, сақтау, пайдалану, оның ішінде беру және тарату мақсаттарында шикі мұнай мен газ конденсатын, шикі газды және оны қайта өңдеу өнімдерін (тауарлық газды) есепке алудың ақпараттық жүйесіне қосу үшін ақпарат жинауды жүзеге асырады.
3. Шикі мұнай мен газ конденсатының айналымы деп оларды дайындау, тасу, сақтау, тиеп-жөнелту, өткізу, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерге әкету түсініледі.
Шикі газдың, оны қайта өңдеу өнімдерінің (тауарлық газдың) айналымы деп оларды жинау, дайындау, тасу, қайта өңдеу, сондай-ақ Кодексте және жобалау құжатында белгіленген жағдайлар мен шарттарда - қабатқа айдау және алау етіп жағу арқылы кәдеге жарату түсініледі.
4. Шикі мұнайды, газ конденсатын, шикі газды және оны қайта өңдеу өнімдерін (тауарлық газды) есепке алу аспабы деп шикі мұнайдың, газ конденсатының, шикі газдың және оны қайта өңдеу өнімдерінің (тауарлық газдың) көлемдік және сапалық сипаттамаларын айқындайтын және Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасына сәйкес қолдануға рұқсат берілген техникалық құрылғы, сондай-ақ нақты уақыт режимінде шикі мұнайды, газ конденсатын, шикі газды және оны қайта өңдеу өнімдерін (тауарлық газды) есепке алудың ақпараттық жүйесі операторына ақпарат беруді жүзеге асыратын бағдарламалық қамтылым танылады.
5. Шикі мұнайдың, газ конденсатының, шикі газдың және оны қайта өңдеу өнімдерінің (тауарлық газдың) айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыратын субъектілер жарақтандыру тізбесі мен мерзімдерін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін өздерінің өндірістік объектілерін есепке алу аспаптарымен жарақтандыруға және көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті.
6. Шикі мұнайды, газ конденсатын, шикі газды және оны қайта өңдеу өнімдерін (тауарлық газды) өндіру және (немесе) олардың айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыратын субъектілердің шикі мұнайды, газ конденсатын, шикі газды және оны қайта өңдеу өнімдерін (тауарлық газды) өндіру және (немесе) олардың айналымы жөніндегі операцияларды жарақтандыру тізбесі мен мерзімдерін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін өндірістік объектілерді есепке алу аспаптарымен жарақтандырмай не ақауы бар есепке алу аспаптарымен жарақтандырып жүргізуіне тыйым салынады.
145-бап. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі
1. Жер қойнауын пайдаланушылар, мұнай және (немесе) шикі газ, уран, көмір өндіру және олардың айналымы саласындағы операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар не олардың уәкілетті өкілдері есептерді жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі арқылы ұсынады. Көрсетілген есептер уәкілетті өкілдің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылуға тиіс. Есептерді ұсыну нысандары мен тәртібін көмірсутектер және уран саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
2. Осы Кодекстің мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі деп жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратты жинауға, сақтауға, талдауға және өңдеуге арналған, көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның «Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» ақпараттық жүйесі түсініледі.
1) авариялық жағдай қатері немесе оның туындауы, персоналдың өміріне немесе халық денсаулығына және қоршаған ортаға қатер төнуі;
2) ұңғыма объектілерін сынау кезіндегі;
3) кен орнын сынамалап пайдалану кезіндегі;
4) шикі газды технологиялық тұрғыдан еріксіз жағу кезіндегі жағдайларды қоспағанда, шикі газды факелде жағуға тыйым салынады.
2. Шикі газды технологиялық тұрғыдан еріксіз жағу деп осы баптың 4-тармағына сәйкес белгіленген нормативтер және көлемдер шегінде, технологиялық жабдықты іске қосу-баптау, пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу кезінде, сондай-ақ технологиялық жабдықтың жұмысындағы технологиялық іркілістер, істен шығу мен ауытқулар кезінде көмірсутектерді өндірудің үздіксіз процесін қамтамасыз ету үшін шикі газды жағу танылады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда шикі газды факелде рұқсатсыз жағуға жол беріледі.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы мұндай жағу туралы көмірсутектер және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдарды он күн ішінде жазбаша хабардар етуге міндетті.
Осындай хабарлама шикі газды жағудың себептерін және жағылған шикі газдың көлемдері туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
4. Осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда, жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжаттарын және көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде шикі газды жағу нормативтері мен көлемдерін есептеу әдістемесі бойынша айқындалған нормативтер мен көлемдер шегінде шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламасын сақтаған жағдайда көмірсутектер саласындағы уәкілетті органның рұқсаты бойынша шикі газды факелде жағуға жол беріледі.
Шикі газды факелде жағуға рұқсат беру тәртібін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Ұңғыма объектілерін сынау кезінде жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған базалық жобалау құжатына немесе әзірлеуді талдауға сәйкес, жер қойнауын пайдаланушы бекіткен ұңғыма объектілерін сынау жоспарында көзделген мерзімге, ұңғыманың әрбір объектісі үшін тоқсан күннен аспайтын мерзімге шикі газды жағуға жол беріледі.
Кен орнын сынамалап пайдалану кезінде үш жылдан аспайтын жалпы мерзімге шикі газды жағуға рұқсат берілуі мүмкін.
6. Технологиялық жабдықты іске қосу-баптау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары кезінде шикі газды жағу көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекіткен әдістеме бойынша есептелген нормативтер мен көлемдер шегінде жүзеге асырылады.
7. Технологиялық жабдық жұмысындағы технологиялық іркілістер, істен шығу мен ауытқулар жағдайларында жер қойнауын пайдаланушы тергеу жүргізуге және көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға технологиялық іркілістер, істен шығу мен ауытқулардың, әрбір жағдайы бойынша жағылған газдың уақыты мен көлемдері туралы мәліметтерді, сондай-ақ олардың себептерін көрсете отырып, есепті тоқсаннан кейінгі айдың жиырма бесінші күнінен кешіктірмей, тоқсан сайын есеп беруге міндетті.
147-бап. Шикі газды қайта өңдеу және кәдеге жарату
1. Шикі газды қайта өңдеу деп шикі газдан құрауыштарының сапалық және сандық құрамы бойынша техникалық регламенттердің және (немесе) ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетін өнімді өндіру жөніндегі технологиялық процесс түсініледі.
2. Көмірсутектерді өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы шикі газды жағу көлемдерін азайтуға бағытталған іс-шаралар жүргізуге міндетті.
Кен орнын әзірлеу жобасында шикі газды өңдеу (кәдеге жарату) жөніндегі бөлім міндетті түрде болуға тиіс.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жер қойнауын пайдаланушылар шикі газды ұтымды пайдалану жəне қоршаған ортаға зиянды əсерді төмендету мақсатында көмірсутектер саласындағы уəкілетті орган бекітетін нысан бойынша шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламаларын əзірлеуге міндетті. Шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламасы жер қойнауын пайдаланушы бекіткен жəне осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген оң қорытынды алынған базалық жобалау құжатының сараптамалары немесе əзірлеменің талдауы негізінде əзірленеді.
Шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламалары шикі газды қайта өңдеуді дамыту мəселелері жөніндегі жұмыс тобының ұсынымдарын ескере отырып, көмірсутектер саласындағы уəкілетті органның бекітуіне жатады жəне олар əр үш жыл сайын жаңартылып отыруға тиіс.
Шикі газды қайта өңдеуді дамыту мəселелері жөніндегі жұмыс тобының құрамын жəне ол туралы ережені көмірсутектер саласындағы уəкілетті орган бекітеді.
Жер қойнауын пайдаланушы шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламаларының орындалуы туралы есептерді көмірсутектер саласындағы уəкілетті орган бекітетін нысан бойынша жəне мерзімдерде осы органға жыл сайын жіберуге тиіс.
1) осы Кодекстің 146-бабында белгіленген жағдайларда және шарттармен жағылатын;
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекіткен шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламасында көзделген көлемдерде өзінің технологиялық қажеттіліктеріне пайдаланатын;
3) жер қойнауын пайдаланушы өзге тұлғаларға қайта өңдеу және (немесе) кәдеге жарату мақсатында өткізетін шикі газ көлемдерін қоспағанда, өндірілетін шикі газдың толық көлемін қайта өңдемей көмірсутектерді өндіруге тыйым салынады.
Бұл ретте шикі газды өңдеу экономикалық жағынан тиімсіз кен орындарында кен орнын әзірлеу жобасында және шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламасында, жеке мұқтаждыққа пайдаланылатын газды қоспағанда, қабаттық қысымды сақтау және (немесе) ұстап тұру мақсатында қабатқа айдау арқылы өндірілетін шикі газдың бүкіл көлемін кәдеге жарату көзделуі мүмкін.
5. Кен орнын әзірлеу жобасында және шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламасында мұндай кен орнында ішкі қабаттық қысымды ұстап тұрудың өзге әдістері тиімсіз және мұндай айдау қоршаған орта мен адамның өмірі үшін қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне ие болған жағдайда, қабаттық қысымды ұстап тұру мақсатында қабатқа айдау арқылы өндірілетін шикі газды кәдеге жарату көзделуі мүмкін.
6. Бірлесіп игерген жағдайда жобалау құжаттарында және шикі газды қайта өңдеуді дамыту бағдарламаларында қабаттық қысымды сақтау және (немесе) ұстап тұру мақсатында бір кен орнынан екінші кен орны қабатына (өзге де жер қойнауын пайдаланушылардың кен орындарын қоса алғанда) өндірілетін шикі газды айдау арқылы кәдеге жарату көзделуі мүмкін.
7. Кен орнын әзірлеу жобасында көзделмеген, сондай-ақ кен орнын әзірлеу жобасын бұза отырып жүзеге асырылған, шикі газды қабатқа айдауға тыйым салынады.
8. Жер қойнауын пайдаланушылар және көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган шикі газды қайта өңдеу жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыра алады.
9. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта өзгеше көзделмесе, өндірілген ілеспе газ мемлекет меншігі болып табылады.
148-бап. Қабаттық қысымды ұстап тұру және суларды дайындау
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған әртүрлі келісімшарттар бойынша көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекстің 150-бабында көзделген жағдайларда қабаттық қысымды ұстап тұру мақсатында бір жер қойнауын пайдаланушыдан дайындалған қабаттық суды екінші жер қойнауын пайдаланушының кен орнының қабатына айдауды жүзеге асыруы мүмкін.
2. Жер қойнауын пайдаланушы қабаттық қысымды ұстап тұру мақсатында одан әрі кен орны қабатына айдауға ілеспе және (немесе) өзге де (теңіз суын қоса алғанда) суды дайындау үшін қажетті инфрақұрылымдық объектілерге иелік ететін тұлғаларды тарта алады.
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 148-1-баппен толықтырылды (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
148-1-бап. Мұнай алуды ұлғайту әдістерін қолдана отырып көмірсутектерді өндіру
Көмірсутек кен орындарында мұнай алуды ұлғайту мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар күрделілігіне қарай мұнай алуды ұлғайтудың дәстүрлі және арнаулы болып бөлінетін әдістерін қолдана алады.
Мұнай алуды ұлғайту әдістерін сыныптау, мұнай алуды ұлғайтудың арнаулы әдістерін қолдана отырып өндірілген көмірсутектер көлемін есептеу тәртібі жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда айқындалады.
Мұнай алуды ұлғайтудың тиісті әдістерін қолдану түрлері мен шарттары кен орнын игеру жобасында белгіленеді.
Мұнай алуды ұлғайтудың арнаулы әдістерін қолдануды ынталандыру мақсатында мынадай қолдау шаралары көзделеді:
мұнай алуды ұлғайтудың арнаулы әдістерін қолдана отырып өндірілген көмірсутектер көлемін осы Кодекстің 130-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген міндеттемелерден босату;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шаралар.
149-бап. Шекарамаңы жер қойнауы учаскелеріндегі көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар
1. Егер жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде бір бөлігі басқа іргелес немесе қарсы беттегі мемлекеттің заңды құзырындағы аумақта немесе теңізде Қазақстан Республикасының аумағының шегінде орналасқан шекарамаңы жер қойнауы учаскесінде немесе бір бөлігі аумағында орналасқан, сонымен қатар кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) тапқан жағдайда, ол бұл туралы құзыретті органға дереу хабарлауға міндетті.
2. Қазақстан Республикасының табылған кенжатынның бір бөлігі (кенжатындар жиынтығы) жер қойнауында жатқан мемлекетпен тиісті халықаралық шарттар болмаған жағдайда, құзыретті орган осындай мемлекетпен келісімге қол жеткізілгенге дейін шекарамаңы жер қойнауы учаскесінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға құқылы.
Бұл ретте құзыретті орган шекарамаңы жер қойнауының учаскесінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыны ол туралы хабардар етеді және күнтізбелік отыз күн ішінде шекарамаңы жер қойнауы учаскесінде орналасқан кен орнын бірлесіп әзірлеудің тәртібі мен шарттарын реттейтін халықаралық шартты әзірлеуге бастама жасайды.
3. Құзыретті орган шекарамаңы жер қойнауы учаскесінде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған жағдайда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі тоқтатылған операцияларды құзыретті орган қалпына келтіруге рұқсат бергенге дейін келісімшарт өзінің қолданысын тоқтата тұрған болып есептеледі.
150-бап. Әртүрлі жер қойнауы учаскелеріндегі кен орындарын бірлесіп игеру
1. Бірлесіп игеру деп бірнеше жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі бірлескен операциялар келісімнің негізінде жүргізуді, оның ішінде кен орындарын әзірлеу үшін ортақ инфрақұрылымды пайдалануы түсініледі.
2. Егер бірнеше кен орындарын бірлесіп игеру бір немесе бірнеше кен орындарын әзірлеудің техникалық және экономикалық көрсеткіштерін жақсартатын болса, мұндай игеруге жол беріледі.
3. Әртүрлі жер қойнауы учаскелерінде көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодексте белгіленген тәртіппен құзыретті органмен келісу бойынша:
1) бір жер қойнауын пайдаланушыда қуаттары, инфрақұрылымдық объектілері және (немесе) өзге де техникалық және технологиялық мүмкіндіктері бар болған кезде жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер енгізе отырып (қажеттілік кезінде), мұндай жер қойнауын пайдаланушымен осындай қуаттарды, инфрақұрылымдық объектілерді және (немесе) өзге де техникалық және технологиялық мүмкіндіктерді пайдалануға шарт жасасуға;
2) инфрақұрылымдық объектілерді бірлесіп жобалауға және (немесе) салуға не тиісті шарт негізінде оларды бірлесіп пайдалануға құқылы.
4. Бірнеше жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауының әртүрлі учаскелерінде бірнеше кен орындарын бірлесіп игерген жағдайда, жобалау құжаттарында бірлесіп игерудің қажеттілігі мен тиімділігі, сондай-ақ оны жүзеге асыру схемасы негізделеді.
5. Жер қойнауын пайдаланушылар осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасын іске асыру мақсаттары үшін бірлескен инфрақұрылымдық объектілерді жедел басқаруды жүзеге асыратын басқарушы компанияны айқындауы мүмкін.
6. Жер қойнауын пайдаланушы (оның ішінде басқарушы компания) бірлесіп игеру кезінде жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы келісім бойынша басқа жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауы учаскесінде оның жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларының бір бөлігін немесе барлығын, егер бұл бірлесіп игеру үшін қажет болса, жүргізуге құқылы.
7. Осы баптың 3-тармағының ережелерін ескере отырып, инфрақұрылымдық объектілерді бірлесіп пайдалану кезінде өндірілген көмірсутектердің көлемін бөлу жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы келісім бойынша жүргізіледі.
8. Қажет болған кезде жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы келісімде инженерлік қамтамасыз ету жүйелерін (соның ішінде электр энергиясын, жабдықты және материалдарды) бірлесіп пайдалану көзделеді.
151-бап. Көмірсутектерді бірыңғай объект ретінде кен орнында барлау немесе өндіру
1. Егер жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізетін табылған кенжатынның немесе кен орнының бір бөлігі көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін басқа жер қойнауын пайдаланушының пайдалануындағы жер қойнауы учаскесінің шегінде орналасса, мұндай жер қойнауын пайдаланушылар өз таңдауы бойынша:
1) осы Кодексте белгіленген беру рәсімдерін сақтай отырып, осы кенжатын немесе кен орны бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие бір ғана жер қойнауын пайдаланушы қалатындай немесе бір келісімшарт негізінде жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлестерге ие бірнеше жер қойнауын пайдаланушы қалатындай етіп өзінің жер қойнауын пайдалану құқығын беруге;
2) бірыңғай объект ретінде кенжатында немесе кен орнында бірлескен барлау мен өндіруді немесе өндіруді жүргізу туралы шартты құзыретті органмен алдын ала келісіп, жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер енгізе отырып осындай шарт жасасуға міндетті.
2. Жер қойнауын пайдаланушылар осы баптың 1-тармағын сақтамаған жағдайда құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушылардан бірыңғай объект ретінде кенжатында немесе кен орнында бірлескен барлау мен өндіруді немесе өндіруді жүргізу туралы шарт жасасуды сот тәртібімен талап етуге құқылы.
3. Бірлескен барлау мен өндіруді немесе өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар өздеріне келісімшарттармен жүктелген міндеттемелердің орындалуы бойынша ортақ жауаптылықта болады.
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Табылған кенжатынның немесе кен орнының бір бөлігін қамтитын жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда, табылған кенжатынның немесе кен орнының басқа бөлігін қамтитын жер қойнауының басқа учаскесінде көмірсутектерді барлау және өндіру немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы кенжатынның немесе кен орнының тиісті бөлігін қосу мақсатында жер қойнауы учаскесін ұлғайту туралы өтінішпен құзыретті органға жүгінуге құқылы.
Көрсетілген жағдайда жер қойнауы учаскесін ұлғайту осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстің 113-бабына сәйкес жүргізіледі.
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес жер қойнауы учаскесін ұлғайту туралы шешім қабылданған жағдайда, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылатын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа осы Кодекстің 107-бабы 4-тармағының ережелері қолданылмайды.
Бұл жағдайда бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы құрамы осы Кодекстің 107-бабының 9-1-тармағында айқындалатын жер қойнауы учаскесінде технологиялық процестің үздіксіздігін және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жабдық пен өзге де мүлікті жер қойнауы учаскесін ұлғайту туралы өтініш берген жер қойнауын пайдаланушыға беруге міндетті. Берілетін жабдық пен өзге де мүлікті бағалау осындай жабдық пен мүлікті беру жүргізілетін салықтық кезең алдындағы салықтық кезеңнің соңындағы жағдай бойынша тіркеп-белгіленген активтердің құны негізге алына отырып, салықтық есепке алу деректері бойынша жүргізіледі.
Бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесін басқа жер қойнауын пайдаланушыға бергеннен кейін оған жер қойнауын пайдаланудың салдарын жоюды қамтамасыз ететін кепіл нысанасы болып табылатын банктік салым шарты бойынша құқықтарды беруге міндетті.
2025.26.12. № 243-VIIІ ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Осы баптың 4 және 5-тармақтарының ережелері жер қойнауының стратегиялық учаскелеріне қолданылмайды.
152-бап. Мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеу
1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы учаскесінде өндірген мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеуді жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен жүргізеді.
2. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұнайдың көлемі мен салмағын өлшеу үшін пайдаланылатын жабдық пен аспаптарды сынақтан өткізеді.
3. Егер сынау немесе қарап-тексеру кезінде жабдықтың немесе аспаптардың ақаулары бар екені анықталса, онда ақаудың мерзімін анықтауға мүмкіндік болмаған кезде ақаудың мерзімі алдыңғы өлшеуден бастап ақау анықталған күнге дейінгі уақыттың жартысы ретінде айқындалады.
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.09.04. № 180-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 21-тараудың тақырыбы өзгертілді
21-тарау. Көмір қабаттарындағы метанды барлау мен өндіруді, теңізде және сақтық аймағында көмірсутектерді барлау мен өндіруді, сондай-ақ сарқылып жатқан кен орындарында көмірсутектер өндіруді жүргізу ерекшеліктері
153-бап. Көмір қабаттарындағы метанды барлау мен өндіру ерекшеліктері
1. Көмір қабаттарындағы метанды барлау мен өндіру осы тарауда көзделген ерекшеліктері ескеріле отырып, осы Кодексте көмірсутектерді барлау мен өндіру үшін белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
153-баптың 2-тармағы 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2. Алдын ала газсыздандыру бойынша қажетті іс-шараларды, құрамындағы метанды белгіленген нормативтерге дейін төмендетуді қамтамасыз ететін көмір қабаттарынан алынған метанды кейіннен кәдеге жарата отырып, желдету және қабаттық газсыздандыру бағдарламаларын өткізбей, көмір қабаттарындағы табиғи метан мөлшері жоғары деңгейде болатын көмір кен орындарын игеруге тыйым салынады.
Көмірді барлауға және (немесе) өндіруге арналған лицензия шеңберінде жұмыс істеп тұрған шахталарды газсыздандыру кезінде көмір қабаттарындағы метанды барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасамай көмір қабаттарындағы метанды өндіруге жол беріледі.
3. Бұл ретте мұндай жер қойнауын пайдаланушы өндірілген көмір қабаттарындағы метанды одан әрі өткізбей, оны өзінің технологиялық қажеттіліктері үшін ғана пайдалануға құқылы.
4. Көмір өндіруді жүргізіп жатқан жер қойнауын пайдаланушы көмір қабаттарындағы метанды одан әрі өткізу мақсатында өндіруді жүзеге асыруға ниеттенген жағдайда, мұндай жер қойнауын пайдаланушы осы Кодексте көзделген тәртіппен көмір қабаттарындағы метанды барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын алуы қажет.
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 153-1-баппен толықтырылды (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
153-1-бап. Сарқылып жатқан кен орындарында көмірсутектерді өндіру
1. Сарқылып жатқан кен орындары бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде көмірсутектер өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы бір мезгілде мынадай шарттарды сақтауға міндетті:
1) кен орнының осы баптың 2-тармағында көзделген өлшемшарттарға сәйкес болуы. Бұл ретте мұндай сәйкестік осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған кен орнын әзірлеу жобасында көрсетіледі;
2) жер қойнауын пайдаланушының осы баптың 3-тармағында көзделген инвестициялық міндеттемені орындауы.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жер қойнауын пайдаланушының осы баптың 3-тармағында көзделген инвестициялық міндеттемесін орындау жөніндегі міндеттеме енгізілген кезде сарқылып жатқан кен орындары бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт деп танылады.
2. Көмірсутектер кен орны оны әзірлеу барысында мынадай көрсеткіштердің кемінде біреуіне қол жеткізілген жағдайда сарқылып жатқандар санатына жатады:
көмірсутектердің ірі кен орындары үшін қорлардың игерілуі бекітілген алынатын қорлардың жетпіс және одан көп пайызын және кен орнының су басуы сексен бес және одан көп пайызды құрауға тиіс;